Түркістан полицейлері жалға алған ойын аппараттарын сатып жіберген шымкенттікті ұстады
Түркістан полицейлері жалға алған ойын аппараттарын сатып жіберген шымкенттікті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып, арызданды. Арызданушы 400 мың теңгелік екі Play station ойын аппаратын белгісіз біреудің жалға алып, қайтармай қойғанын айтты.
Аталған жайтты түркістандық полицейлер бірден тіркеуге алып, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғады. Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын бастап кетті.
Нәтижесінде, күдікті ер азаматты полиция қызметкерлері бір күн ішінде Шымкент қаласынан ұстады. Белгілі болғандай күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ол желідегі қосымша арқылы Play station ойын аппаратын жалға беремін деген жарнаманы көріп, бір күндік жалға алу ақшасын төлеп, аппараттарды алған. Содан ол аппараттардың әрқайсысын 75 мың теңгеден сатып жіберген.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 800 мың теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.