Елорда тұрғындары ақмолалық полицейлерге жолда көрсеткен көмектері үшін алғыстарын білдірді
Елорда тұрғындары ақмолалық полицейлерге жолда көрсеткен көмектері үшін алғыстарын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-сұлтан қаласының тұрғындары жолда орын алған келеңсіздік туралы облыстық Полиция департаментінің ведомстволық аккаунтының Instagram әлеуметтік желісіндегі хабарламасына жазып, оларға көмек көрсеткен полицейлерге алғыстарын білдірді.
8 сәуірде олар облыс орталығынан елорда бағытында жолға шықты. Бірақ жолда көлік дөңгелектері істен шыққан. Toyota estima көлігінің 31 жастағы жүргізушісіне жөндеу жұмыстарын жалғыз жүргізу мүмкін болмады. Ал өтіп бара жатқан көлік иелері жол жиегінде тұрған көлікке мән бермеген.
– Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолының 275 шақырымындағы жол қозғалысын бақылауды жүзеге асыру кезінде жол жиегінде тұрған Toyota estimo көлігін байқадық. Келген соң неге тоқтап тұрғандарын және көмек керек пе деп сұрадық, – деп еске алды полицей Р. Сәбитов.
Тұлпар 10 экипажының қызметкерлері ПД ППБ қызметінің инспекторлары Рыспек Сәбитов және Жақсылық Катренов көлік жүргізушісін Кенесары елді мекенге дейін әкеліп, істен шыққан дөңгелектерді жөндеді. Көлікке қайтып оралған тәртіп сақшылары жүргізушіге дөңгелекті орнатуға көмектесті.
Жүргізушінің әйелінің айтуынша, олар жолда шамамен 2,5 сағат тұрған. Қол ұшын тек полиция қызметкерлері созған.
– Облыстық жол инспекциясы қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді, – делінген хабарламада.