«Ноутбуктарды жөндеп беремін»: алматылықтарды сан соқтырып кеткен ер адам ұсталды
Алматыда ер адам ноутбуктарды жөндеп беремін деп тұрғындарды алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласының тумасы – 30 жастағы К.есімді азамат алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
– Ер адам сайтқа компьютерлер мен ноутбуктарды жөндеумен айналысамын деп хабарландыру салған. «Клиенттер» көп күттірмеді, сол күні оған ноутбукты жөндеуге өтініш түсті. Әңгімелесуші айтқан мекенжайға келген қаскөй ноутбукты «жөндеу үшін» алып кеткен. Кейін қосалқы бөлшектерді аламын деген желеумен тапсырыс берушіден өзіне 11 мың теңге аударуды сұраған. Ал күдікті ақшаны алғаннан кейін ломбардқа барып, оны 80 мың теңгеге сатып жіберген. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Қазірдің өзінде екі алаяқтық дерегі анықталды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында. Алданғандардың бұдан да көп екеніне көзіміз жетеді, – дейді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.
Полиция қызметкерлері ұсталған адамның суретіне мұқият қарауға шақырады. Осы азаматтың әрекетінен зардап шеккендердің барлығын мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуларын сұрайды: 8-747-699-70-02.