Павлодар облысында мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Павлодар облысында мас жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарақаттануға және адамдардың өліміне әкеп соғатын ең өрескел бұзушылықтардың бірі – мас күйде көлік жүргізу.
– 30 сәуір күні таңғы уақытта Успен ауданының Қозыкеткен ауылында патрульдеу кезінде учаскелік инспектор көліктің біртүрлі қозғалысын байқап қалған. Жүргізуші жол үстімен емес, былғаң жүріспен жол жанымен жүріп келе жатқан. Бұл полиция қызметкерінің күдігін тудырды. Жүргізуші мас күйде еді, әңгіме барысында полицейлер оның сөзінен түні бойы ішкендігін анықтады, алайда қайда кетіп бара жатқанын түсіндіре алмады. Медициналық куәландырудан өткеннен кейін 51 жастағы тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау тағайындады, сондай-ақ ол жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы бір факт 1 мамырда сағат 20.00-де Новопокровка ауылында тіркелді. Бұл жағдайда полиция қызметкері қырағылық пен кәсібилік танытты. Ауылдың барлық тұрғындары мен олардың автокөліктерін білетін ол көлік құралын басқаруға құқығы жоқ азаматтың көлігін байқап қалды. Тоқтатқан кезде жүргізушінің мас екені расталды. Өткен жылдың тамыз айында ол мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Медициналық куәландырудан өткеннен кейін ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 7-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 30 тәулікке әкімшілік қамау тағайындады.
Полиция жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтауға кеңес береді. Бұл олардың өмірі мен денсаулығын ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысының басқа қатысушыларын да қорғап қала алады.