СҚО-да полицейлердің психологиялық жағдайы кәсіби психологтардың бақылауында
СҚО-да полицейлердің психологиялық жағдайы кәсіби психологтардың бақылауында, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері күнделікті жұмыста қылмыспен күресіп, азаматтардың проблемаларын шешу үшін еңбек етеді. Қызу жұмыста үнемі стресстік жағдайлар орын алып жатады.
СҚО Полиция департаментінде кәсіби психологтардың тобы жұмыс істейді. Бұл мақсатта Петропавл қаласы Полиция басқармасы ғимаратында психологиялық босаңсу кабинеті жабдықталды. Мұнда түрлі қызметкерлермен тренингтер жүргізіледі. Сабақ бағдарламасында байқаулар мен жаттығулар бар.
Әріптестерінің жағымды жақтарын атау, суретті сипаты бойынша салу, ақпаратты ыммен жеткізу бойынша тренинг өткізіледі. Бұл кабинетке келушілер үшін ең алдымен көңіл-күйді көтеру бірінші орында. Себебі бұл полицейлерге аса қажет.
Шын мәнінде мұндай сабақтар психологтарға ұжымдағы жағдайды бағалауға көмектеседі, қызметкерлерге бір-біріне жаңа көзқараспен қарап, сенімді нығайтуға, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға септігін тигізеді. Жаттығулар стреске төзімділікті арттыруға, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды сауықтыруға, тұлғалық өсімге, өзін тиімді жұмысқа бағыттауға бағдарланған.
– Әдетте сабақ 20-ға жуық адаммен өткізіледі. Бұл сан тренинг үшін аса қолайлы. Жаттығулардың басым бөлігін күнделікті қолдануға болады. Мәселен, барынша жағымсыз жағдайдың тек жақсы қырларын көру міндеті қойылады. Мұндай оң көзқарасты қалыптастыру – тұлғалық өсудің бір бөлігі, бұл заманауи полицейге тән қасиеттердің бірі, – деді СҚО Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор-психологі Ләззат Ділдәбаева.