Шымкентте жыл басынан бері ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен 135 қылмыс ашылды
Шымкентте жыл басынан бері ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен 135 қылмыс ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының аумағында, көше қиылыстарында, автомобиль жолдарының бойында және тұрғын үйлердің аулаларында төрт мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылған.
Барлық камералар Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына, ҚР ІІМ аумақтық орталығына және қала әкімдігінің Дағдарыс орталығына қосылған. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 135 қылмыс ашылды.
Ұрлық қылмысы бойынша 71 жайт тіркелген. Сондай-ақ, ізін суытпай алты тонау, бір кісі өлтіру жайты, 11 автокөлік ұрлығы, 10 бұзақылық және басқа да қылмыстар ашылды.
Мәселен, өткен жұмада тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынның көлігін ұрлап кеткен ер адамды ұстады. Hyundai Accent автокөлігін дүкеннің жанында ұрлап кеткені жөнінде қоңырау түн ортасында түскен. Көлік иесі азық-түлік дүкеніне бірнеше минутқа кіріп, қайта шыққанында көлігінің жоғалғанын білген.
Тәртіп сақшылары бейнебақылау камералары арқылы екі сағат ішінде күдіктіні анықтап, ұстады. Автокөлік иесіне қайтарылды. Сондай-ақ, бейнекамералар бойынша ЖБО инспекторлары 40 343 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.Тәртіп бұзушылар тиісті жауапкершілікке тартылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша 4 132 адамға қатысты және ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша -1105, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша 671 адам жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа жол қозғалысы ережелерін бұзудың 29 236 жағдайы анықталды.