Ақтөбе облысында пробация есебінде тұрған сотталған әлеуметтік жәрдемақы алды
Ақтөбе облысында пробация есебінде тұрған сотталған 140 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Шалқар аудандық пробация қызметінің ықпалымен өмірдің қиын жағдайына тап болған есепте тұрған сотталған 140 мың теңге бір реттік әлеуметтік жәрдемақыға қол жеткізді.
Шалқар аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған тұрмыстық қиын жағдайға тап болғаны үшін аталған жәрдемақыны алғысы келетіні жөніндегі өтінішін пробация қызметіне білдірген. Ал пробация қызметі сотталғанның жағдайын және кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, жергілікті Жұмыспен қамту орталығына есепте тұрған азаматтың өтінішін жеткізіп, тиісті құжаттарды жинақтап, өткізуіне көмек береді.
Сотталғанның жазбаша білдірген өтініші бұған дейін аудан әкімдігінде өткен арнайы комиссия отырысында қаралған болатын. Аталған іс-шарада комиссия қорытындысымен, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғанның өтініші қанағаттандырылып, 140 мың теңге бір реттік ақшалай көмек көрсету туралы шешім шығарылды.
– Күні бүгінге дейін өмірдің қиын жағдайына тап болған бір сотталған 140 мың теңге бір реттік жәрдемақыға қол жеткізсе, тағы екі сотталған жәрдемақы алу үшін жергілікті Жұмыспен қамту орталығына құжатттарын өткізіп койды. Жалпы, пробация қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтардың түзелу жолына нық тұруы үшін атқарылып жатқан осындай көмек түрлері олардың қайта қылмысқа бармауына және өздерінің қоғамға қажет екендіктерін сезінуіне, қоғамға тез бейімделуіне көмектеседі деп сенеміз, – дейді Шалқар аудандық пробация қызметінің бастығы Ақгүл Аймбетова.
Айта кету керек, өткен жылы Шалқар аудандық пробация қызметінің ықпалымен аталған пробация есебінде тұрған алты сотталған 140 мың теңге болатын бір реттік жәрдемақыға қол жеткізген.