СҚО-да полиция бөліністерінің бастықтары студенттермен кездесті
СҚО-да полиция бөліністерінің бастықтары студенттермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сервистік жұмыс моделі қағидатын жүзеге асыру мақсатында солтүстікқазақстандық полиция бөліністерінің бастықтары халықпен кездесулер өткізуде. Кездесудің өткені туралы бейнежазба басшылық құрамының әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жарияланады.
Құқықтық тәртіптің өзекті мәселелерінің бірі – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, оның ішінде жасөспірімдердің нашақорлыққа тартылуы. Профилактикалық жұмыстарға қалалық Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов та қосылды.
Ол М. Жұмабаев атындағы Гуманитарлық-педагогикалық колледжінің бірінші курс студенттерімен кездесті. Қалалық ПБ басшысы жыл басынан облыс орталығында 45 есірткі қылмысының анықталғаны, оның 31-і сату фактісі екені туралы атап өтті. Заңсыз айналымнан 17 келі есірткі, оның ішінде 1,133 келі синтетикалық психобелсенді заттар алынған.
Қылмыскерлер өздерінің бизнесіне жастарды тартып жатқандығына баса назар аударылды. Айта кететіні, осы жылы екі кәмелетке толмаған қалалық сотталды: синтетикалық есірткі сақтағаны үшін біреуі үш жылға бас бостандығынан шектелді, екіншісі – марихуана сатқаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, балаларға «Тұз бен спайстар: кері қайтпас жол» деректі фильмі көрсетілді.
Халықпен осындай тікелей кездесулерді өткізу солтүстікқазақстандық полицияның басшы құрамы үшін дәстүрге айналды. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжанов та жастармен кездесті. Ол агробизнес колледжінің үшінші курс студенттерімен кездесу өткізді. Жастардың көкейіндегі сұрақтардың бірі – жұмысқа орналасу, осы орайда кездесуде ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға түсу шарттары айтылды. Кездесуден кейін үш студент кеңес алу үшін кадр бөліміне жүгінді.
– Біз онлайн форматтан тікелей кездесуге көштік. Оффлайн кездесулер адамдармен қарым-қатынастың тиімділігін арттыруға бағытталған. Өзекті тақырыптар қозғалып, сұрақтарға жауаптар беріледі. Бұл мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығы аясында полиция жұмысын құруға бағытталған шаралардың бірі, – дейді СҚО Полиция департаменті бастығы Айдын Қабдұлдинов.