Әскери авиация бөлімі 30 жылдығын атап өтті
Ұлттық ұланның елордалық жедел құрамасының мәдени орталығында 3656 әскери бөлімінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шараға 3656 әскери бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы, әскер ардагерлері мен қарулы күштердің өкілдері қатысты.
Салтанатты шара Әнұранмен басталды. Көрермендер назарына құқықтық тәртіп әскеріндегі авиацияның құрылу тарихы мен дамуы туралы арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды. Кейін баяндама оқылып, әскери бөлімнің қызметіне қатысты тың дүниелер айтылды.
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және 3656 әскери бөлім командирінің бұйрығымен қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілер мен ардагерлер марапатталды.
Әскери ұшқыштарды құттықтауға арнайы келген Ұлттық ұланның Авиация басқармасы бастығының орынбасары Қанат Досанов құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың құттықтау хатын оқып, 3656 әскери бөлім командирі Павел Хребтов пен жеке құрамына «Құқықтық тәртіп әскері: Ішкі әскерден Ұлттық ұланға дейін» атты тарихи туындыны табыс етті.
«Осыдан отыз жыл бұрын кешегі Ішкі әскерлер бүгінгі Ұлттық ұланның әскери авиациясының қабырғасы қаланды. Біздің әскери бөлім ұландық авиациясының алғашқы қарлығашы болды. Бүгінде елордамызға қоныс аударып, болашақта үлкен құрылымға айналғалы тұрмыз. Мемлекет басшысы және Ұлттық ұлан басшылығы алдымызға қойған маңызды міндеттерді орындауға әрдайым дайынбыз», – деді Павел Хребтов.
Ұландық ұшқыштарды атаулы күнмен құттықтап келгендер аз болмады. Атап айтқанда, Ұлттық ұлан Академиясының бастығы Бауыржан Әбжанов атынан құттықтау хаты табыс етілді. Сондай-ақ 6636 және 5573 әскери бөлімдері командирлері мен өзара қарым-қатынас ықпалдастық органдарының өкілдерінен құттықтау хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Салтанатты шара Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен дайындалған мерекелік концертпен аяқталды.