Петропавлдық полицейлер интернет-алаяқтарға қарсы күресті күшейтті
Петропавлда полицейлер интернет-алаяқ пен жәбірленушінің арасында болған әңгіменің жазбасын қылмыстың алдын алуда қолдануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер мен банк өкілдері интернет-алаяқтарға қарсы күресті күшейтті. Сондай-ақ, алдын алу жұмысына еріктілер мен жәбірленушілер де қатысты.
Петропавл қаласы Полиция басқармасының басшылығы еріктілермен бірге ақша салатын терминалдар тұрған дүкендерге, сауда үйлері мен банктерге тағы басқа мекемелерге барды. Осылайша тәртіп сақшылары соңғы кезде өршіген алаяқтық қылмысының алдын алуда.
– Біз азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Кейбір алданған азаматтар несие ресімдеп не депозиттегі ақшаларын терминал арқылы қылмыскерлерге аударып жіберіп жатады, – деді Петропавл қаласы Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.
Алаяқтар жәбірленушілерді олардың атына біреулер несие ресімдеп жатқанына сендіреді. Несиені төлеу және алаяқтардың әрекеттеріне жол бермеу үшін жәбірленушіге несие ресімдеп, ақшаны шотқа жіберу қажеттігі туралы айтады. Кейбір азаматтар банкке барып, нақты мән-жайды менеджерлерден жасырып жатады. Себебі алаяқтар жәбірленушілерді менеджерлердің қылмыскерлермен сөз байласқанына сендіреді.
Терминалдардың қасында еріктілер мен полицейлер жадынамалар таратып, қала тұрғындарына алаяқтардың әрекеттері туралы айтып берді.
Тағы бір алдын алу шарасы – қылмыскерлермен жәбірленушілердің әңгімесін тыңдатқызу. Полицейлер жәбірленушілердің бірі жазып алған жазбаны қосып қоюда. Алаяқтар шебер сөйлеп, арнайы терминдерді пайдалана отырып, адамдардың сеніміне кіреді. Олар өздерін тек банк қызметкерлері ретінде таныстырмайды, полиция, прокуратура қызметкерлері ретінде де таныстырады.
Олардың көздейтін мақсаты – жәбірленушілердің жеке деректеріне қол жеткізіп, оларды ірі сомада несие ресімдеуге және ақшаны алаяқтарға тиесілі резервтік шотқа жіберуге көндіру.