Шымкенттік студенттерге отбасындағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Шымкенттік студенттерге отбасындағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасындағы жағдай баланың жарқын болашағына тікелей әсер етеді. Отбасы – бақытты балалықтың мекені. Осы ұстаным әрбір жанұя мүшесінің басты қағидасына айналуы керек. Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі – ең өзекті мәселелердің бірі.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Венера Умаргазиева №3 Арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығының мамандарымен бірлесе отырып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың профилактикасы тақырыбында Шымкент қаласы Жол-көлік колледжінде студенттермен кездесті. Жиында отбасылық құндылықтар туралы сөз қозғалып, үйде болған қиын мәселе зорлық-зомбылық арқылы шешілмейтіні туралы айтылды. Жастарды толғандырған сұрақтарға жауап беріліп, пікір алмасты.
– Отбасылық ұрыс-керіс, әйел мен бала саудасы – қазіргі қоғамда қатыгездіктің, зорлық-зомбылықтың бір көрінісі. Әлемді зорлық-зомбылықсыз көз алдымызға елестетіп қарағанда, қандай болар еді?! Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру – бәрі де адамның өз қолында. Біздің болашағымыз – жастар болғандықтан, біз студенттерге осыны жеткізу мақсатында профилактикалық шаралар ұйымдастырып отырамыз, – дейді сала мамандары.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тұрмыстық зорлық құрбандарына көмек көрсету мақсатында азаматтарға бұндай жағдайда қорықпастан, міндетті түрде 102 арнасына немесе 111, 150 қауырт желілеріне хабарласу қажеттігін ескертеді.