Туысының үйіне ұрлыққа түскен шымкенттік анықталды
Туысының үйіне ұрлыққа түскен шымкенттік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны қонақтан үйіне келгенде жиһазының сынғанын көрген. Оның ішінде жұбайының еміне деп жинап жүрген 500 мың теңге қаражаты болған. Алайда қаражат орнында жоқ екендігіне көз жеткізгенде үйіне бөтен адамдар ұрлыққа түскенін білген. Бірден 102 арнасы арқылы полицияға арызданады.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының білікті қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар адамды анықтау мақсатында шұғыл түрде жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Куәлерден жауап алынады. Содан олар көшедегі бейнебақылау камераларын қарау барысында жәбірленуші өз туысы үйіне ұрлыққа түскенін біледі.
Анықталған азаматтан жауап алу мақсатында тұрғылықты мекенжайынан Полиция басқармасына жеткізілген. Ер адам өз кінәсін толығымен мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Алайда тұрғын қылмыстық ниетпен, үй-жайға заңсыз кіру жолымен бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқырғаны үшін ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыс жасағаны дәлелденген. Сондай-ақ, жәбірленуші кешірімін беріп, азамат келтірген шығынды толық өтегендіктен және шынайы өкінетіндігі назарға алынып, сот үкімімен оған 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.