Петропавл мотоклубтары қос дөңгелекті көлік жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырады
Петропавл мотоклубтары қос дөңгелекті көлік жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонында қаладағы мотоклубтардың басшыларымен кездесу өтті. Іс-шара облыстық «Жол-көлік оқиғасын тоқтатамыз» акциясы шеңберінде ұйымдастырылды.
Петропавлда қала көшелеріне екі дөңгелекті көлік шыққалы 102 арнасына жол-көлік оқиғалары фактілері бойынша 292 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде мотокөліктің қатысуымен 6 жол-көлік оқиғасы, велосипедшілерді қағып кетудің – 6 фактісі, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 8 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жаз басталғалы көліктер саны артты, жолда мотоцикл, скутер, велосипед, самокаттар, сондай-ақ кішкентай жаяу жүргіншілер пайда болды.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов мотоклубтардың басшыларын Жол қозғалысын ережелерін сақтап қана қоймай, көлік тізгінін жаңа ғана ұстаған жүргізушілерге жолда жүру мәдениетін көрсетуге шақырды. Айта кететіні, тәжірибелі мотоцикл жүргізушілері бұндай талаптарға түсіністікпен қарайды, ал екі дөңгелекті көлікті жаңадан жүргізуге үйреніп жүрген жүргізушілер кей-кезде өздерінің және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне немқұрайлық танытады.
Жыл басынан Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторлары 11351 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Көп жағдайда қала жолдарында жаяу жүргіншілердің тарапынан бұзушылықтар тіркеледі, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін пайдаланбау және рөлде телефонды пайдалану фактілері де баршылық. 111 мас жүргізуші ұсталды.
Бұнымен қоса, 5 айдың ішінде Петропавл аумағында 60 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 1 адам қайтыс болды және 81-і жарақат алған.
«Жол-көлік оқиғасын тоқтатамыз» акциясы маусымның 8-і мен 19-ы аралығында өткізіледі. Басты мақсат – Жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарын, оның ішінде екі дөңгелекті көліктің жүргізушілері тарапынан жасалатын бұзушылықтарды ескерту.