Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қос адамның өмірін құтқарған сақшы: «Өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін»

Қауіптің бел ортасында жүретін полицейлердің жұмысы оңай емес. Олар қоғам тыныштығын күзетіп қана қоймай, тағдыры тәлкекке түскен жандарды ажалдан арашалап, өмірлерін құтқарып та қалады. Яғни, полицейлер – өзгелердің өмір сүруі үшін өздерінің өмірлерін тәуекелге тіккендер. Сондай жандардың бірі, осыдан бір жыл бұрын елордада қос адамның өмірін құтқарып қалған сақшы – Қайрат Нариманов. Оның жасаған ерлігі Polisia.kz сайтында жарияланған болатын.

Өткен жылдың 22 қазанында демалыста жүрген тәртіп сақшысы 12-ші қабаттан секірмек болған 21 жастағы келіншек пен оның бір жарым жасар баласының өмірін сақтап қалған.

Кезекшіліктен кейінгі демалыс күні балаларын балабақшадан әкеле жатқан полицей елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде балконнан аяғын салбыратып, секіруге әрекет жасап жатқан әйелді байқайды. Жаны қыл үстінде тұрған келіншек өзі ғана емес, кішкентай сәбиін де қоса алып кетпекші болған. Еш ойланбастан үйге қарай бет алған полицей 12-ші қабатқа шапшаң көтеріліп, өзінің физикалық даярлығы мен батылдығының арқасында жас ана мен оның баласын аман алып қалады.

«Өзімді ерлік жасадым деп есептемеймін. Тағдыры тәлекке түскен жандарға қол ұшын созу, өмірлерін арашалау – менің тек қызметтік міндетім ғана емес, адами борышым деп білемін», – дейді аға инспектор, өткен оқиғаны есіне алып.

Бүгінгі күннің батыры Қайрат Нариманов елордалық полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді.

Ол Қарағанды облысы Нұра ауданы Кертінді ауылында дүниеге келген. Қарағанды «Фемида» заң академиясында «заңгер» мамандығын оқып бітірген.

ІІО-да қызмет етіп жүрген жылдар ішінде міндетін адал атқарғаны үшін «ІІО үздігі» төсбелгісімен, ерлік танытқаны үшін бағалы сыйлық – сағатпен марапатталған.

Сонымен қатар ол әскери самбо және дайдо джуку кудо сияқты спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Халықаралық аренада түрлі додаларда еліміздің туын желбіретіп жүрген үздік спортшы, абыройлы сақшы.

Қызметтік, азаматтық антына адал тәртіп сақшысы қазіргі таңда ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, қамқор жар, үлгілі отағасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру