Қызылордада мектеп бітірген сотталғандар аттестат алды
Қызылордада мектеп бітірген сотталғандар аттестат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтей жүріп, орта білім алған сотталғандарға аттестат табыстау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Шиелі аудандық Білім басқармасына қарасты кешкі мектеп мұғалімдері, мекеме қызметкерлері қатысты.
Кешкі мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ә. Байтілеуова мектеп бітіруші түлектерге алған аттестаттарын игі кәдеге жаратуларына тілектестігін білдіріп, оларға табыс тіледі және сотталғандарға білім беру жолында жан-жақты көмек көрсеткені үшін мекеме басшылығына алғысын білдірді.
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. 11-сыныпты бітіріп, қолыма аттестат алып отырмын. Жастықтың желегімен жаза басып, жаңылып, тағдыр тауқыметімен мектепті де аяқтай алмай қалғанмын. Жалпы, біз түзеу мекемесінде қамауда отырсақ та, уақытты текке өткізбей, бостандықта ала алмаған білімімізді осында алып жатырмыз, бостандыққа шыққан соң жоғары білім алсам деген ниетім бар. Орта білім алуыма ықпал еткен мекеме әкімшілігі мен кешкі мектеп ұстаздарына алғыс білдіремін, – дейді жазасын өтеуші.