Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан 22 офицермен толықты

Нұр-Сұлтандағы «Отан қорғаушылар» монументі жанында Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлердің салтанатты шығарылымы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

150 магистрант Қазақстанның Қарулы Күштерінің офицерлік корпусының қатарын толықтырса, соның 22-і болашақта Ұлттық ұланда қызмет атқарады. 

Салтанатты шараға еліміздің күш құрылымдарының және ЖОО-ның басшылығы қатысты. Құқықтық тәртіп әскерлерінің түлектеріне дипломдарды ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Альберт Маткаримов, Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы Жұмабек Ахметов және Ұлттық ұлан факультетінің бастығы Марат Батыров табыс етті.

– Бүгін Қарулы Күштер қатары Қазақстанның ең беделді әскери оқу орнында оқыған кәсіби дайындалған офицерлермен толықты. Офицерлер стандарттан тыс шешімдер қабылдауға дайын жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ күрделі жауынгерлік міндеттерді орындауға, бағыныстыларды ертіп, олардың өмірін сақтап қалуға қабілетті, антына адал патриоттар болуға тиіс, – деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов түлектерге арнаған сөзінде.

Құқықтық тәртіп әскерлерінің 22 әскери қызметшісі «Ұлттық ұландағы Менеджмент» білім беру бағдарламасымен төрт біліктілік бойынша оқытудан өтті.

Ұлттық ұлан факультетінің түлегі майор Мақсат Мұқаев оқу барысында жоғары оқу орнының барлық түлектерінің арасында ең көп балл жинағанын атап өткеніміз жөн.

Алдағы уақытта түлектер алған білімдерін Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен өңірлік қолбасшылықтарында іс жүзінде қолданатын болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру