Балалардың құқықтық мәдениеті – ең үздік баға
Балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл Сергей Блащицыннің 11 жыл бойы атқарып келе жатқан міндеттерінің бірі. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы болып жұмыс істейді. Өзінің кәсіби міндеттерін атқару, сондай-ақ қамқорлығындағыларға бейжай қарамау, оларға шың көңілден жанашырлық таныту – Сергейдің көп жылдық еңбегі халықтың және әріптестерінің тарапынан жоғары бағалануда. Қазіргі уақытта полиция капитаны Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі үздік инспекторы болып танылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2011 жылы ІІМ Семей заң колледжінен кейін Сергей Блащицын полицияға қызметке түсті. Инспектордың жұмыс тәжірибесінен түйгені – ересектерді түзу жолға салу өте қиын, сондықтан спирттік ішімдіктерді асыра ішетін ата-аналардың балаларына қамқор болу міндеті уәкілетті органдардың өкілдеріне жүктеледі. Бұлардың қатарында құқық қорғау, білім, әлеуметтік қызметтердің қызметкерлері. Жұмыстағы ең жағымсыз сәттердің бірі – міндеттеріне салғырт ата-аналардан балаларын алу.
– Бұл мәжбүрлі шара, себебі шаралар уақтылы қабылданбаса, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Балалар аш, суық үйде қалады, бұған ата-аналардың шаруасы жоқ. Олар үшін кезекті отырысқа ащы суды тауып алу маңыздырақ. Бұндай адамдарды түзеу оңай емес, тіптен мүлде болмайды деуге болады, – деді Сергей Михайлович.
Дей тұрғанымен, түзелгендер бар. Аудан орталығында үш кішкентай баласымен тұратын ерлі-зайыптылардың ата-ана құқығын шектеуге тура келді. Бүлдіршіндер қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға арналған Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Балаларынан қол үзген еш жерде жұмыс істемейтін, алкогольді асыра ішетін ата-аналар үшін бұл айырылысу олардың ойланып, түзелуіне себеп болды. Алты айдың ішінде ерлі-зайыптылар үйлерін қалыпқа келтіріп, жұмысқа орналасты және ішімдіктен бас тартты. Ерлі-зайыптылардың түзелуге деген ниеттерін көрген комиссия мүшелері балаларды үйлеріне қайтару туралы шешім қабылдады.
– Балалардың үлкені мектепке барады. Отбасыда төртінші бала дүниеге келді. Олар үшін өте қуаныштымын және бұрынғы қателіктерін қайталамайды деген үміттемін, – дейді Сергей.
Көп жағдайда ювеналдық полиция инспекторы мәселені ақылға салып шешуге тырысады. Мән-жайға сыни көзқараспен қарай білуі Сергейге басымдықтарды уақтылы анықтауға көмектеседі. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қамқорлыққа мұқтаж балалардың тағдырына бейжай қарай алмайды.
Жалпы Сергей Блащицын жұмыс істейтін әкімшілік учаскеде жағдай тұрақты. Кәмелетке толмағандардың арасында және оларға қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл оқушылардың құқықтық санасын және құқықтық тәрбиені нығайтуда маңызды көрсеткіш болып табылады және жұмыстың жақсы атқарылғанын көрсетеді. Есепте тұрмысы қолайсыз 4 отбасы тұр, инспектор балалардың қауіпсіздігін тексеру үшін оларға жиі барып тұрады. Дәрістер, профилактикалық әңгімелер, рейдтік іс-шаралар – учаскелік полиция инспекторының күнделікті жұмысының маңызды бөлігі. Үздік боп атану үшін Сергейге жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша жоғары көрсеткіштерді көрсету қажет болған. Бұл дене шынықтыру нормативтері, атыс даярлығы, заңнама бойынша сынақ тапсыру. Ювеналдық полиция қызметкері балалардың сенімі, құқықтық мәдениеті мен түсінігі аса жоғары баға екенін атап өтті.