Қарағанды академиясы 50-ші рет түлек ұшырды
Білікті полиция қызметкерлерін даярлаумен ерекшеленетін ІІМ-нің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы 50-ші рет түлек ұшырды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, облыстық сот пен прокуратура өкілдері, өңірдің күш құрылымдарының басшылары қатысты. Салтанатты шара 2042 жылы Қазақстан полициясының 50 жылдығына орай жолданған хатпен «уақыт капсуласын» салудан басталды. Академия қонақтары қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің ескерткіш стелласына гүл шоқтарын қойды.
Қарағанды академиясына түсу оңай емес. Дене шынықтырудан басқа, кең дүниетаным, логикалық ойлау және бай білім қоры қажет. Биыл жоғары оқу орнын 250 курсант бітірді: оның ішінде 203-і – «Сотқа дейінгі тергеу» мамандығы, 47-і «Жедел-криминалистикалық қызмет» мамандығы бойынша білім алды.
Ведомство басшысы жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге Отан игілігі үшін адал қызмет етуді, әрқашан антқа адал болуды тіледі.
– Мен оларға үміт артамын. Олардың жаңа көзқарастарымен, жаңа идеяларымен жаңа ағын әкелгенін қалаймын. Адал қызмет етіп, кәсіби даярлықты арттыру керек. Қазір бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар, – деді Марат Ахметжанов.
Министрмен бірге түлектерге лейтенанттық погондар мен жоғары білім туралы дипломдарды облыс әкімі мен ІІМ орталық аппараты департаменттерінің бастықтары тапсырды.
Жоғары білімді тергеушілер, анықтаушылар және криминалистер алдағы уақытта өздерінің біліктілігін растай отырып, полиция бөлімшелерінде қызмет атқаратын болады.
Осындай айтулы күні түлектердің ата-аналары мен жақындары жас офицерлерді ересек өмірге қадам басуымен және кәсіби мансабының басталуымен құттықтауға келді. Олар Академияның қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамына алғыстарын білдірді.
– 2018 жылы осы Қарағанды академиясына менің ұлым оқуға түскен. Төрт жыл осы академияда оқып, қазір, міне, офицер атағын алып жатыр. Офицер шенін алу рәсімі біздің Қазақстан Республикасының полициясының 30 жылдық мерейтойына және академияның 50-ші түлектер шығарылымына сәйкес келіп жатқанына қуаныштымыз, – деді түлектің әкесі Райымбек Слямов.
– Бүгін ұлым диплом мен полиция лейтенанты атағын алды. Бұл оның арманы еді. 3,5 жасында әскери форма киіп: «Мама, мен әлемдегі бас солдат боламын!» деген болатын. Арманына ақырындап жетіп жатыр. Кезінде дарынды балаларға арналған «Арыстан» лицейін сәтті бітірді. Содан кейін ол академияға еш кедергісіз оқуға түсті. Мен Академия басшылығына, мемлекетке, халқыма алғысымды білдіремін. Біздің елімізде көне, құрметті осындай оқу орындарының бірі болғанына ризамын, – деді екінші түлектің анасы Гүлсім Аязбаева.
Дәстүр бойынша түлектер алғашқы офицерлік вальс биледі. Ресми шара символикалық «Тумен қоштасумен» және түлектердің салтанатты маршымен аяқталды.