Қарағандылық полицейлер нашақорлықтың алдын алу бойынша акция өткізді
Қарағандылық полицейлер нашақорлықтың алдын алу бойынша акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Дені сау ұлт – дені сау ұрпақ!» атты есірткі заттарын теріс пайдалану және олардың заңсыз айналымына қарсы Халықаралық күрес күніне арналған акция өтті. Іс-шара Қарағанды облысының ПД Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Үміт» ҚБ үкіметтік емес ұйымы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Қарағанды облысының Денсаулық сақтау департаменті, Қарағанды қаласының әкімдігі мен мәслихатының қолдауымен ұйымдастырды.
Іс-шараға Қарағандының шығармашылық ұжымдары, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері қатысты. Сондай-ақ, кинологиялық қызмет орталығы мен Қарағанды облысының ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы қызметкерлерінің көрсетілімдері өтті.
Сонымен қатар, акция барысында түрлі конкурстар мен викториналар, спорттық жарыстар және «Персона» фитнес-орталығынан «бачата» биінің мастер-классы ұйымдастырылды. Қаланың ең белсенді азаматтары мен қонақтары сыйлықтар мен сыйлық сертификаттарымен марапатталды.
Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу, халықтың есірткіні тұтынудың зияны және есірткі қылмыстарын жасағаны үшін жауапкершілік туралы хабардар болуын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын белсенді насихаттау.