Егіздер, жақын құрбылар және қызметтегі әріптестер
Апалы-сіңлілі Альмира мен Гүлмира Мырзекеновалар бір-біріне сырттай ғана ұқсамайды. Олардың тағдырлары да бір-бірімен тығыз байланысты және екеуі де елордалық полицияда қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыздар бала кезінен полицияда жұмыс істеп, погон тағуды армандаған. Олар 1986 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Егіздер бір балабақшаға барып, бір мектепте оқып, бірдей киінетін болған. Бұл дәстүр қазір де өз жалғасын табуда, өйткені екеуі де 2005 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Алдымен ҚР ІІМ Ақтөбе заң колледжіне оқуға түскен. Содан кейін ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітірген. Одан соң апалы-сіңлілі арулар Шығыс Қазақстан облысына жіберіліп, ювеналды полицияда, пробация қызметінде және ҚР ІІМ оқу орталықтарында тәжірибе жинақтаған.
Бүгінде қыздар Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Сарыарқа» ауданының жедел уәкілі және анықтаушысы қызметінде. Полиция майоры шенімен қызмет ететін арулар мамандықты дұрыс таңдағандарына сенімді.
Қыздардың айтуынша, олардың өмірлері тығыз байланысты, егіздер әрқашан бір-біріне қолдау көрсетуге дайын.