Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетаулық әйел полицейлерге тіл тигізгені үшін жазалануы мүмкін

Көкшетау тұрғыны учаскелік полиция инспекторларына тіл тигізгені үшін жазалануы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көкшетау қаласының 47 жастағы тұрғыны үшін полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау және қызметтік міндеттерін орындау кезінде полицейлерге көпшілік алдында тіл тигізу қылмыстық жауапкершілікке тартылумен аяқталды.

Оқиға 10 шілдеде сағат 23.00 шамасында облыс орталығында болды. №8 учаскелік полиция пунктіне Сарыарқа шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында жанжал болып жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Хабарламада көрсетілген мекенжай бойынша осы әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін учаскелік полиция инспекторлары бағытталды.

Оқиға орнына келгеннен кейін полиция қызметкерлері мас күйінде болған және түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзған шағын аудан тұрғындарының бірін анықтады.

Құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу және тәртіп бұзушыны ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін полиция қызметкерлері мас болу дәрежесін анықтау мақсатында азаматшаны медициналық куәландыруға жіберу туралы шешім қабылдады.

Алайда мас күйдегі қала тұрғыны айналасындағыларға және тәртіп сақшыларына құрметсіздік көрсетіп, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтірді, оған қатысты қабылданған шараларға наразылық білдіріп, билік өкілдерін әдепсіз сөздермен қорлады.

Азаматша заңсыз әрекеттерді қызметтік автокөлікте және наркологияның қабылдау бөлмесіне жеткізген кезде де жалғастырды. Жүргізілген сараптама тәртіп бұзушының орташа мас күйінде екенін көрсетті.

Әкімшілік жауапкершілікке тартудан басқа, қала тұрғынына қатысты ҚР ҚК 378-бабы 1-бөлігі (Билік өкілін қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық баптың санкциясы 80 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 20 тәулік мерзімге қамауға алуды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру