Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында қылмыс 24,2%-ға төмендеді

Ақмола полицейлері өңірде қылмыс деңгейінің төмендегенін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

18 шілдеде Ақмола облысы Полиция департаментінде облыс прокуроры Айдос Майлыбаевтың, консультативтік-кеңесші органның мүшесі Сағынтай Елубаевтың, департамент аппаратының, аумақтық бөлімшелер бастықтарының және жеке құрамның қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Полиция департаментінің бірінші жартыжылдықтағы қызметі туралы облыстың бас полицейі Думан Таев хабарлады.

Спикердің ақпараты бойынша, алдын алу және жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін дәйекті іске асыру өңір аумағында тұрақты криминогендік жағдайды қамтамасыз етті. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу 24,2%-ға төмендеді, ауыр қылмыстар 19%-дан аса азайды, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың төмендеу үрдісі сақталды.

Жәбірленушілердің полицияға дер кезінде жүгінуі, сондай-ақ қабылданған ден қою шаралары іс жүзінде барлық түрлер бойынша қылмыс деңгейінің төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тонау мен бұзақылықтың тіркелуі, кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу, зорлау, бөтеннің мүлкін ұрлау және бопсалау саны іс жүзінде жартысына азайды.

Бірінші басшы нашақорлыққа қарсы күрес және есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау мәселелеріне ерекше назар аударды. Биыл есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің күшімен 161 есірткі қылмысы анықталды, заңсыз айналымнан 60 келі түрлі есірткі құралдары тәркіленді. Сонымен қатар, 55 қылмыс синтетикалық есірткінің таралуы мен сақталуына байланысты: өңірде 25 салушы ұсталып, 2,2 келі «синтетика» тәркіленді.

Полицейлердің ерекше бақылауында – мал ұрлығына қарсы әрекет. Мұндай фактілердің жалпы 32%-ға төмендеуіне қарамастан, керісінше, осы бағыттағы алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Осы жылы қабылданған жедел шаралардың арқасында 18 мал ұрлығы әшкереленді, 4 ұйымдасқан топ ұсталды. Иелеріне жалпы сомасы 31 миллион теңгеге 409 бас ұрланған және жоғалған мал қайтарылды.

Полиция департаменті бастығының баяндамасында қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат айтылды. Қоғамдық орындарда қылмыс деңгейінің 2,7%-ға төмендеуіне қарамастан, көше құқық бұзушылықтарының алдын алуға және жолын кесуге ерекше көңіл бөлінеді. Криминогендік жағдайды ескере отырып орнатылған стационарлық полиция бекеттері жоғары тиімділікті дәлелдеді. Бүгінгі таңда мұндай модульдер саны – 13, олар Көкшетау, Щучинск, Степногорск және Атбасар қалаларында орналасқан.

Бүгінгі күні проблемалық мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғалары. Патрульдік полиция жасақтары 104 мыңнан астам жол ережесін бұзудың жолын кесті, 978 мас жүргізуші ұсталды. Полицейлердің жарақтандыруындағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелері 47-ден астам бұзушылықтың жолын кесуге мүмкіндік берді.

Айта кету керек, бүгінгі таңда өңірде полицияның сервистік моделін кеңейту, құқық қорғау органы мен азаматтық қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа форматына көшу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кеңес аясында өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша маңызды міндеттерді бірлесіп шешу қажеттігін консультативтік – кеңесші органның мүшесі Сағынтай Елубаев та атап өтті.

Кеңейтілген отырыста полиция қызметкерлері полиция қызметінің барлық бағыттарын талқылады, мүліктік сипаттағы қылмыстарға, әсіресе интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер қылмысының жай-күйі, рецидивті қылмыстар мен мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселелерін қарастырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және жеке құрамның жеке тәртіпті сақтауы мәселелеріне жеке көңіл бөлінді.

Жедел жағдайды ескере отырып, департаменттің барлық қызметтері мен аумақтық бөлімшелердің жұмыс қорытындылары егжей-тегжейлі талқыланды.

Барлық проблемалық мәселелер бойынша Думан Таев аумақтық бөлімшелердің басшыларына оларды орындау мерзімдерін көрсете отырып, нақты тапсырмалар берді, сондай-ақ Ақмола полициясының алдына қауіпсіздікті нығайтуға және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қойды, бұл ретте ведомство қызметінің ашықтығы мен айқындығына, халықтың құқық қорғау органының жұмысына сенім деңгейін арттыруға назар аударды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру