Түркістан облысы ПД-да «Жол қауіпсіздігі» тақырыбында тікелей эфир ұйымдастырылды
Түркістан облысы ПД-да «Жол қауіпсіздігі» тақырыбында тікелей эфир ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бүгін Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен «Жол қауіпсіздігі» тақырыбында тікелей эфирде сұқбат жүргізілді. Іс-шара тізгінін Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова алды. Спикер ретінде Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бегімхан Ахметов пен Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Данабек Мырзабеков қатысты.
Сұқбат барысында Түркістан облысы полицейлерімен атқарылып жатқан жұмыс нәтижесі баяндалып, профилактикалық әңгіме өрбіді. Жалпы, Түркістан облысы аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар және жергілікті автожолдарында, облыс орталығы мен елді мекендердің көшелерінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жұмыстар ұдайы түрде жүргізіліп келеді. Атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралардың нәтижесінде, осы жылдың 6 айында жол-көлік оқиғаларының саны 4,7%-ға, қаза болғандар 3,1%-ға төмендеді. Жарақат алғандардың саны 1,4%-ға өскен.
– Түркістан облысы жолдарында жол қозғалысын реттеу шаралары полицейлердің күн тәртібінен түскен емес. Заманауи техникалық құралдар, бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары жолға қойылды. Мұның өзі жүгенсіз жүргізушілерді анықтауда тәртіп сақшыларына таптырмас көмекші болуда. Сондай-ақ, «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жұмыстар жасалуда. Өздеріңізге белгілі, бізде жол-көлік оқиғаларына және оның ауырлығына тікелей әсер ететін жеті басым бағыт бар, олар бойынша жыл басынан бері 49 мыңнан астам құқық бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, кей жағдайларда қараусыз жүрген үй жануарлары да жол апатының себепшісі болып жатады. Мысалы, осы жылдың 6 айында облыс жолдарында тұрғындардың бос жіберген малдарының салдарынан 23 адам жарақат алып, алты адам қаза болған. 3 635 мал иесі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Б.Ахметов.
Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Д.Мырзабековтың айтуынша, осы жылдың І, ІІ-тоқсанында Түркістан облысы Полиция департаменті мен автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе көшелерде тексеріс-зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
– Мәселен, осындай жұмыстардың нәтижесінде, Түркістан қаласында жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстар дайындалып, жазбаша ұйғарымдармен орындау үшін жергілікті әкімдікке жолданды. Оның ішінде қосымша жеті бағдаршам нысанын орнату қажеттілігі анықталып, ұсыныс берілген. Қалаішілік орталық көшелерге 100 дана аялдама павильонын орнату жоспарланып, осы аялдамалардың эскиз жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 796 жол белгілерін орнату жоспарланып, 2022 жылдың 5 айында, полиция тарапынан берілген нұсқамаға сәйкес, 565 жол белгілерін ауыстыру, жаңарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, осы жылдың көктемінде Түркістан қаласындағы 32 мектеп алдындағы жүргіншілер өткелдері қайта сызылып, жаңартылды. Теміржол вокзалы әуежай маңындағы жүргіншілер өткелі де қайта сызылды. Түркістан қаласының 9 орталық көшесіндегі көрінуі нашарлаған жол таңбалары, арнайы техникаларды жұмылдыра отырып, шаң тозаңнан тазартылып сүртілді, – деп атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті Д.Мырзабеков.
Желі қолданушылары да жазбаша түрде 50-ден астам сауал жолдап, көкейтесті сұрақтарына жауап алды.