Жетісайда жас жігіт туысының ірі қара малдарын ұрлап, сатып жіберген
Жетісайда жас жігіт туысының ірі қара малдарын ұрлап, сатып жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жетісай АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Ер адамның айтуынша, оның егістік алқапта арқандаулы тұрған екі бас өгізін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 350 мың теңге.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлама түскен бойда жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын маңдағы ауылдар мен егістік алқаптарды қарап шықты. Мал базарлар мен оларға баратын жолдардағы көліктерді тексерді. Осындай жан-жақты тексеру кезінде, ұрланған малдар табылды. Ал оның егесі үй жануарларын жас жігіттен сатып алғанын жеткізді. Алынған ақпарат көздері арқылы мал ұрлығын жасады деген күдікпен жас жігіт ұсталды.
Анықталғандай, күдікті жәбірленушінің туысы болып шықты. Туысының малы қайда болатынын жақсы білетін жас жігіт өзіне ақша қажет болғандықтан таңғы сағат 05:30 шамасында арқандаулы тұрған малдарды жетектеп кеткен. Содан бірден мал базарға апарып, сатып жіберген. Бүгінде екі бас өгіз айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.