ШҚО полицейлері жұртшылықпен бірге үш жасар баланы іздестіруде
ШҚО полицейлері жұртшылықпен бірге үш жасар баланы іздестіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Таврия ауылында полицейлер, құтқарушылар, еріктілер және жанашыр тұрғындар түні бойы 3 жасар баланы іздестіруде.
Ұлы Әділхан Сейсембайдың жоғалып кеткені туралы кәмелетке толмаған баланың әкесі полицияға арызданған. Оның айтуынша, бала әдеттегідей аулаға шыққан, бірақ біраз уақыттан кейін жоғалып кеткен және осы уақытқа дейін оның орналасқан жері белгісіз.
Қазіргі уақытта ауқымды іздестіру операциясы жүргізіліп, ауыл аумағы 16 секторға бөлінген, олардың әрқайсысы жоғалған баланы іздеуде мұқият пысықталуда. Барлығы 621 адам (полицейлер, ұлттық ұланның әскери қызметшілері, атты полиция, әкімдік, ТЖД қызметкерлері, еріктілер) жұмылдырылды. Бұдан басқа, квадрокоптерлер мен тікұшақтың қатысуымен жерді тексеру жүргізілуде.
Баланың белгілері: бойы 90-100 см, дене бітімі – арық, шашы – қара, түзу, көздері қоңыр. Жасыл түсті футболка, ақ-көк түсті қалпақ, жасыл түсті шорты, қара-көк түсті кроссовка киген.
Полицейлер жоғалған баланың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат болса, 102 жедел арнасына хабарласуды сұрайды.