«Қауіпсіз жол» ЖПІШ: Түркістан облысының полицейлері 5700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады
Түркістан облысының полицейлері 5 тәулікте «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 5700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысы аумағында 1 ай мерзімге жоспарланған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізілуде. Полицейлер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауқымды шараларды іске асыруда. Тәртіп сақшылары бірінші кезекте тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілігін қарастыруда.
Іс-шараның бес тәулігінде Түркістан облысының полицейлерімен 5 786 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең көп орын алған құқық бұзушылық қатарында – қауіпсіздік белдігін тақпау. Бұл бойынша 1186 дерек тіркелді.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден кесіп өткені бойынша 1100 дерек анықталды. Көлік басқару кезінде ұялы телефон қолданудың 527 жайтына хаттама толтырылды. Техникалық байқаудан өтпеудің 362 жайты тіркелді. Маневр жасау ережесін бұзған 220 жүргізуші жауапқа тартылды. Ал жылдамдықты шамадан тыс асырған 184 жүргізуші әкімшілік айыппұл арқалады.
Заңсыз қайта жабдықтау бойынша 62 дерек анықталып, ішімдік ішіп көлік тізгіндеудің 32 дерегі тіркелді. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілерімен 5 тәулікте 143 құқық бұзушылық анықталды. Мысалы, Қызылорда – Шымкент бағыты бойында VAN HOOL 917 көлігі тоқтатылды. Тексеру кезінде көліктің тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігімен хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды.