Келестік полицейлер қайта мас күйде рөлге отырған жүргізушіні анықтады
Келестік полицейлер қайта мас күйде рөлге отырған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы кезінде Mersedes-Benz 230 E көлігінің жүргізушісін тоқтатты. Оның мас күйде екендігіне күдік тудырған полицейлер жүргізушіні медициналық куәландырудан өткізді. Сараптама қорытындысына сәйкес, оның алкагольді масаң күйде екендігі белгілі болды.
Сонымен қатар, ер адам бұған дейін де Келес аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Десе де, жүргізуші бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеуге алды. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.