Тараздық тұрғын ШҚО аумағында 1С бағдарламалық өнімін заңсыз таратқан
Тараздық тұрғын ШҚО аумағында 1С бағдарламалық өнімін заңсыз таратқан, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шығыс Қазақстан облысының аумағында 26-28 шілде аралығында ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, алдын алуға және ашуға бағытталған «Anti-fraud» мемлекетаралық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті криминалдық полиция қызметкерлері осы уақыт ішінде 14 қылмыстық құқық бұзушылықты ашты, олардың басым бөлігі – интернет-алаяқтық қылмыстары.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шығыс Қазақстан облысының криминалдық полиция қызметкерлері 1С бағдарламалық өнімін заңсыз таратып, авторлық құқықты бұзған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады. Тергеу іс-шаралары барысында ұсталған адамның авторлық құқықты бұза отырып, 1С бағдарламалық өнімдерін ақшалай сыйақы үшін орнатқаны (таратқаны) анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 198-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оған сәйкес санкция бойынша айыппұлдан бастап 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жаза көзделген. Полиция департаменті зияткерлік меншіктегі авторлық құқықты бұзу қылмыстық құқық бұзушылық екенін ескертеді.