Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері жоғалған 10 жастағы қызды тапты

ШҚО полицейлері жоғалған 10 жастағы қызды тауып, туған-туыстарына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

28 шілдеде сағат 21:12-де Алтай ауданының полиция кезекші бөліміне Алтай қаласының 50 жастағы тұрғыны хабарласып, 10 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлады.

«Дабыл» сигналы бойынша дереу Алтай ауданының полиция бөлімінің жеке құрамы көтерілді. Аумақты толық тексеріп шығу мақсатында жеке құрам топтарға бөлінді. Туыстарының айтуынша, қыз сағат 17:00-де аулаға шығып, көрші балалармен ойнап жүрген. Біршама уақыттан кейін аулаға шыққан туыстары баланы жүрген жеріннен таппаған соң, көршілерінің үйлерінен іздей бастады. 40 минут бойы өз күштерімен іздеу жұмыстары оң нәтиже бермегендіктен, қыздың анасы полицияға жүгінген.

Іздеуге кіріскен полиция қызметкерлері көрші үйлердің барлық аулалары мен жертөлелерін, қараусыз қалған ғимараттарды аралап шығып, сондай-ақ жергілікті «Алва-ТВ» телеарнасының көмегімен жүгіртпе жол және ресми аккаунтқа жіберу арқылы қала тұрғындарын хабардар етті.

Іздестіру іс-шаралары барысында сағат 22:50-де ювеналды полиция тобының инспекторлары Елшат Қажиақпаров пен Меруерт Ыдырышқанова баланы көрші көшеде орналасқан азық-түлік дүкенінің ауласынан тапты. Полицейлер қыздың құрбыларынан оның көрші көшеге ойнауға кеткенін анықтады, қараңғы түскен соң үйінен қорқып, дүкеннің артына тығылған.

Жанарлары жасқа толған қыздың жақындары іздеу жұмыстарын ұйымдастырып, қызметтерін адал, әрі жауапкершілікпен атқарғандары үшін полицейлерге алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру