СҚО-да жыл басынан бері 184 жол-көлік оқиғасы орын алды
СҚО-да жыл басынан бері 184 жол-көлік оқиғасы орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Солтүстікқазақстандық полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігінің айлығы аясында күшейтілген түрде қызмет атқаруда. Республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарда патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері Жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Өңірдегі кейбір жолдар елді мекендердің ішімен өтеді немесе маңында орналасқан. Дәл осы учаскелерде жол-көлік оқиғаларының қаупі артады. Өткен бейсенбі күні сағат 13:15 кезінде Челябі-Новосібір автожолының 559-шақырымында Қызылжар ауданының Байсал ауылына апаратын бұрылыс маңында Volkswagen Passat автокөлігінің жүргізушісі алдында келе жатқан көлікті басып озамын деп қосымша жолға бұрылып жатқан Mitsubishi Montero Sport автокөлігімен соқтығысты. Соқтығысу салдарынан Volkswagen Passat жүргізушісі мен жолаушысы облыс орталығындағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК–нің 610-бабы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша материал жиналды.
– Жүргізушілер жолдардың қиылысатын учаскелерінде жол белгілері мен таңбаларының талаптарын қатаң сақтауы қажет. Сондай-ақ, жол шетінен қозғалысын бастағалы тұрған көліктерге назар аудару қажет. Қозғалысты бастаған кезде арнайы ескертетін жарықтарыңызды қосуды ұмытпаңыздар. Бір бағытта кетіп бара жатқан көліктердің жүргізушілері уақытылы байқамай, тиісті шаралар қабылдап үлгере алмай қалуы мүмкін. Осылайша сіздер өзіңізді және жол қозғалысының басқа да қатысушыларын қауіптен сақтайсыздар, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
СҚО-да жеті айда 184 жол-көлік оқиғасы орын алып, 24 адам қайтыс болды, 277 адам жарақаттар алды.