Ақмолалық полицейлер заңсыз айналымнан 27 қару тәркіледі
Ақмолалық полицейлер заңсыз айналымнан 27 қару тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бір апта бойы тәртіп сақшылары «Қару» арнайы операциясы аясында жұмыс істеді. Заңсыз айналымнан қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш материалдарды анықтау және тәркілеу мақсатында 25-31 шілде аралығында Ақмола полицейлері «Қару» өңірлік жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Арнайы операция шеңберінде криминалдық, әкімшілік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері және тұрғылықты жері бойынша учаскелік инспекторлар тіркелген қарудың мыңнан астам иесін, мамандандырылған дүкендердің, күзет фирмаларының жұмысын тексерді.
Тексеру нәтижелері бойынша қаруды иеленетін 39 ақмолалық сақтау ережелерін бұзғаны үшін, оның ішінде 33 факт қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін және алты факт қаруды тіркеу және қайта тіркеу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осы кезеңде тіркелмеген қаруды сақтау фактілерін анықтауға ерекше назар аударылды. Полицейлердің бірнеше рет ескертуіне қарамастан, «Қару” кезеңінде өңір тұрғындарынан 27 бірлік заңсыз сақталған қару, оның ішінде 17 бірлік тегіс ұңғылы, 5 травматикалық, 5 пневматикалық қару табылып, тәркіленді.
Барлық жағдайларда алынған мылтықтар тиісті сараптамаға жіберіледі, оның нәтижелері бойынша азаматтарды жауапқа тарту туралы шешім қабылданады.
Айта кету керек, осыдан бірнеше ай бұрын өңірде халықтан тіркелмеген қаруды, жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы аяқталды. Ақмолалықтар белсенділік танытып, бір ай ішінде полицияға 100-ден астам қаруды, соның ішінде ойық, тегіс ұңғылы, травматикалық, сондай-ақ оқ-дәрілерді тапсырды. Ақмолалықтар қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғаны үшін жалпы сомасы 6 миллион теңгеден астам төлем алды.