СҚО-да жыл басынан 464 интернет-алаяқтық тіркелді
СҚО-да жыл басынан 464 интернет-алаяқтық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлерді интернет-алаяқтықтың өсуі алаңдатып отыр. Жыл басынан облыста осындай 464 қылмыс тіркелген. Олардың алдын алу – криминалдық полиция жұмысындағы маңызды міндеттердің бірі. Тәртіп сақшылары аптасына кемінде екі рет еңбек ұжымдарымен кездесіп, желідегі аялаяқтардың құрығына түспеу жолдары туралы түсіндірме жүмыстарын өткізеді. Кезекті кездесу Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен өтті.
“Банкіден қоңырау шалу” сценарийі – ең қауіптісі. Бұл сценарий жәбірленушілерге миллиондаған шығын келтірді. Осы жолмен жасалған 129 қылмыс тіркелді. Полицейлер қылмыскерлер қолданатын психологиялық қысым көрсету тәсілдері туралы айтып өтті, алаяқтар жәбірленушіні ақшасын жоғалтатынымен қорқытады, шешім қабылдауға асықтырады. Бұл ретте олар ресми сөйлесу әдебін сақтайды. Соңғы уақытта олар өздерін банк менеджерлерінің заңсыз әрекетін тергеумен айналысып жатқан полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде таныстыруда. Тәртіп сақшыларының басты кеңесі – күмәнді әңгімені бірден тоқтатып, қылмыскерлер өздерін таныстырған кезде атаған ұйымға ресми нөмірлері бойынша хабарласу.
– ХҚКО жұмыскерлері кездесу барысында интернет-алаяқтықты алдын алу бойынша бейне материалдарды олардың бөлімшелеріндегі экрандарда көрсетуді ұсынды. Осындай роликтер әлеуметтік желілерде, TikTok-та бар, Петропавл кинотеатрларында сеанстың алдында көрсетіледі. Жаңа роликтер денсаулық сақтау, білім мекемелерінің, Оқушылар сарайының, сапаржайдың күту залының экрандарында орналастыру мақсатында жіберілді. Жыл басынан акция барысында 19 мың жадынама таратылды және бұл ауқымды профилактикалық жұмыстың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – адамдарды хабардар ету, сақтық шараларын сақтауға үйрету, бұл оларды желідегі алаяқтардан қорғаудың жолы, – деді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.