Тараздық полицейлер алты сағатта есірткіні жасыру орындарын жойды
Тараздық полицейлер алты сағат ішінде есірткіні жасыру орындарын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен Тараз қаласында есірткі таратқан 25 және 19 жастағы екі жергілікті тұрғын ұсталды.
Тінту жүргізу барысында күдіктілерден таратуға дайындалған, 15 түйіншекке оралған мефедрон тәркіленді. Олардың әлеуметтік желідегі жазбаларын зерделеу барысында ұсталғанға дейін есірткіні жасырғаны анықталды.
Полицейлер есірткінің ары қарай таралмауы үшін жасырылған орындарды тауып, жою бойынша шұғыл шаралар қабылдады. «Клиенттермен» хат алмасуда көрсетілген орындар, яғни Тараз қаласы мен қала маңындағы белгілер полиция қызметкерлерінің қырағылығымен алты сағаттың ішінде жойылды. Есірткі жасыру орындарын іздеу түн ортасына дейін жалғасты. Нәтижесінде, мефедронның 29 жасырылған орны анықталып, айғақ зат ретінде іске тіркелді.
Есірткі сатушыларды ұстау нәтижесінде мефедрон есірткі заты салынған 44 түйіншек тәркіленіп, олардың жалпы салмағы 26 грамды құрады.
Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дінмұхамбет Қойториевтің айтуынша, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін мефедронның аса ірі мөлшері бар болғаны 1 грамды құрайды.
Күдіктілер кінәсін мойындап, Тараз қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.