СҚО-да ата-ана міндеттерін орындамаудың 100-ден астам фактісі анықталды
СҚО-да ата-ана міндеттерін орындамаудың 100-ден астам фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Жаңа оқу жылы қарсаңында тәртіп сақшылары жастар көп жиналатын орындарға рейдтер жүргізуде. Басты міндет – кәмелетке толмағандар арасында, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Ерекше назарда – тұрмысы қолайсыз отбасылардың жағдайы.
Сағат 18.00 шамасында қала тұрғыны №5 УПП учаскелік полиция инспекторына үйлердің бірінде жанжалдың орын алып жатқаны туралы хабарласқан. 39 жастағы әйел адам құрбысымен бірге 8 жасар қызының көзінше ішімдік ішіп жатқаны белгілі болды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар немқұрайлық танытқан ананы ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қазіргі уақытта СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына материалдар жинастырылуда.
– Оқу жылына бір айдай уақыт қалды, балалар моральдық және психологиялық тұрғыдан оқу процесіне, күн тәртібіне дайындалуы керек. Әрине, бұл мәселеде үйдегі жағдай өте маңызды. Осыған байланысты полицейлер күн сайын құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Жыл басынан заңды өкілдермен өздерінің ата-ана міндеттерін орындамауына қатысты 110 факті анықталды. Ата-ана құқығынан айыру туралы 22 әкімшілік материал жинастырылды. Бүгінде ювеналдық полиция есебінде тұрмысы қолайсыз 75 отбасы тұр. Түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 28 кәмелетке толмаған полиция есебіне қойылды.