Ақтауда пробация қызметкерлері іздеуде жүрген сотталғанды ұстады
Ақтауда пробация қызметкерлері іздеуде жүрген сотталғанды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ақтау қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған қала тұрғыны тіркеуге уақытылы келмей, жалтарып жүрген. Айталық, бас бостандығын шектеу жазасына сотталған 42 жастағы ер адам Жаңаөзен қалалық сотымен ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Кейін соттың қаулысымен өтелмеген жаза мерзімі жеңіл жаза түріне, яғни бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған. Пробация қызметіне осы жылдың ақпан айында есепке алынып, кейін мамыр айынан бастап тіркеуге уақытылы келмеген. Ақтау қалалық пробация қызметі Ақтау қалалық сотына іздеу жариялау туралы ұсыныс жолдады, ұсыныс сотпен қанағаттандырылды.
Пробация қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында іздеуде жүрген сотталғанның қайда екенін анықтады. Ер адам Жаңаөзен қаласынан 185 шақырым жерде орналасқан Қарақия ауданына қарасты мал шаруашылығында жүрген жерінен ұсталып, уақытша ұстау абақтысына жабылды. Ары қарай Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тергеу изоляторына жіберілді. Сотталғанға қатысты Ақтау қалалық сотына өтелмеген жаза мерзімін бас бостандығын айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс жолданды.