Қарағанды облысының полицейлері жол апаттарына қатысты қатерлі статистикамен бөлісті
Жыл басынан бері Қарағанды облысының жолдарында 99 адам қаза тауып, 258 адам жарақат алды. Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі жолдардағы жағдай туралы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин баяндады. Бұл мәселе әлі де күрделі болып қалып отыр. Ең қайғылысы – апатта балалар жарақат алып, қайтыс болатыны, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарағанды облысы – ауқымды көлік ағыны өтетін транзиттік өңір. Автомобиль жолдарының ұзындығы тоғыз мың шақырымнан асады. Жеті айдың қорытындысына сай облыс бойынша ЖКО саны 8,2%-ға, қаза болғандар – 57%-ға, жарақат алғандар – 16,7%-ға өсті. Көбінесе кінәлілер – жеңіл көлік жүргізушілері – 176 жағдай, 11 жағдайда – автобус жүргізушілері, үш жағдайда – жүк көлігінің жүргізушілері. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны 29-дан 43%-ға дейін артты», – деп хабарлады Ерлан Файзуллин.
Апаттың негізгі бөлігіне жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы, жүргізушілерде көлік тәртібі мен өзара сыйластықтың болмауы себеп болып табылады.
Республикалық маңызы бар жолдарда 54 ЖКО тіркелді, онда 42 адам қаза тауып, 86 адам зардап шекті. Олардың басым бөлігі Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Сарышаған жолдарына тиесілі.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек көліктік бақылау инспекциясының әлсіз жұмысын атап өтті. Ол барлық жауапты ведомстволарға ЖКО санын азайту бойынша шаралар қабылдауды, жол қозғалысын реттеу үшін қажетті техникалық құралдарды орнатуды, жолдарды жөндеуді жеделдетуді тапсырды.