Шымкент тұрғынының атынан несие рәсімдеп алған алаяқ қолға түсті
Шымкент тұрғынының атынан несие рәсімдеп алған алаяқ қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 тамызда Әл-Фараби АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз арызында сауда үйінде белгісіз тұлға ұялы телефонын хабарласу үшін сұрап алып, оның атынан 442 000 теңгені банк қосымшасы арқылы алаяқтық жолмен несие рәсімдеп алғанын жазып көрсеткен.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар Шымкент қаласының тұрғыны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар жүргізілді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті азаматты қала аумағында жасырынып жүрген жерінен ұстады.
Ұсталған азамат бұрын-соңды сотты болмаған. Белгісіз азаматтың сеніміне кіріп, несие рәсімдеп, алдап кеткенін толық мойындап отыр. Қазіргі уақытта ол алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды.
Тағы бір алаяқтықтың жайты Қаратау ауданы Полиция басқармасында тіркелді. Жергілікті тұрғынның айтуынша, бейтаныс азамат мемлекеттік бағдарламамен жылдам пәтер алуға көмектесемін және бұл үшін таныстарыма қомақты қаржы беру керек деп алдаған.
Осылайша, жәбірленушінің сеніміне кіріп, 1,8 млн теңгесін қолма-қол алып, қалған екінші бөлігін 700 мың теңгені есепшотына аудартып алып, өз уәдесінде тұрмай, ақшаны жеке бас пайдасына жаратқан.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) қылмыстық іс-қозғалып, криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді.
Нәтижесінде жергілікті жердің тұрғыны анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді.