Мақтааралдық әйел танысын қомақты ақшаға алдап кетті
Мақтааралда кәсіпкерлік палатадан 1,2 млн теңге ақша алып беремін деп алаяқтық жасаған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның танысы “Бизнес бастау” кәсіпкерлік палатадан қайтарымсыз 1,2 млн теңге ақша алып беремін деп әбден сеніміне кірген. Осылайша жәбірленушіден ақы үшін 710 мың теңге ақша алып, алдап кеткен. Арада 1 жылдан аса уақыт өтсе де, созбалақтап жүрген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел әрекет етті. Олар қылмысты ашуға бағытталған қажетті жұмыстарды жүзеге асырды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті, яғни жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеріп, оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтауда. Сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.