ШҚО-да 800-ге жуық жүргізуші балаларды тасымалдау ережелерін бұзған
Ай басынан бері ШҚО-да 800-ге жуық жүргізуші балаларды тасымалдау ережелерін бұзған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1-12 қыркүйек аралығында облыс аумағында «Назар аударыңыз – балалар!» республикалық акциясы өтуде. Іс-шара балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға және көшелер мен жолдардағы қауіпсіз жүріс-тұрыспен байланысты балалардың дағдыларын нығайтуға бағытталған. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің қатысуымен болатын ЖКО алдын алу, оқушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау дағдыларын үйрету, сондай-ақ жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын балалардың жарақаттану мәселелеріне аудару.
Бүгінгі күні акция басталғалы мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің іргелес аумақтарын тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жоюға 179 ұйғарым берілді. Мектептерде балалармен де, ата-аналармен де 150-ден астам әңгімелер мен дәрістер өткізілді.
Айта кетейік, жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыс бойынша тәртіп сақшылары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында 6131 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 193 жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзғаны үшін, 498 жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзғаны үшін, 799 балаларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін, оның ішінде 549 алдыңғы орындықтарда БҰҚ-ын пайдаланбағаны үшін.