Тараздық полицейлер банктің мобильдi қосымшасымен алаяқтық жасаған күдіктінi ұстады
Тараздық полицейлер банктің мобильдi қосымшасымен алаяқтық жасаған күдіктінi ұстады, – деп хабаралайды Polisia.kz.
Тараз қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына 20 жастағы қала тұрғыны жеке шотынан 48 мың тенгенің жоғалғандығын айтып шағымданған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 25 жастағы Жамбыл ауданының тұрғыны анықталып, ұсталды.
Күдіктінің айтуынша, ол жәбiрленушiмен бір көлікте келе жатып, ақша аудару барысында оның жеке 4 санды құпия санын көріп алған. Содан кейін азаматтан хабарласып алу үшін ұялы телефонын сұрап, жеке шотына кіріп, ақшасын өз шотына аударып алған.
Жан-жақты анықтау барысында күдіктінiң дәл осындай жолмен Шымкент қаласының тұрғынынан 100 мың теңге көлемінде ақша аударып алғандығы белгілі болды. Жалпы шығын көлемі 148 мың теңгені құраған.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 2- тарамағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.