Жыл басынан бері ШҚО полициясына 4,5 мың отбасылық жанжалқор жеткізілді
Жыл басынан бері ШҚО полициясына 4,5 мың отбасылық жанжалқор жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық-ауыр әлеуметтік салдары бар мәселе. Зорлық-зомбылық зардап шеккендердің құқығын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін кері әсерін тигізеді.
Отбасындағы зорлық-зомбылық қолайсыз отбасылардың санын көбейтуге, ажырасуларға, ата-ана құқығынан айыруға және балалар қылмысының өсуіне әкеп соғады. Көп жағдайда, әйелдерге қатысты зорлық – зомбылықтың көптеген фактілері тіркеусіз қалады, өйткені қылмыстың құрбандары үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармау керек деген ертеден келе жатқан ұғымды ұстанып ол туралы айтпайды. Осыған байланысты ШҚО ПД аумақтық бөлімшелерінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топ инспекторлары отбасындағы зорлық-зомбылықты анықтауға және оның алдын алуға, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын адамдарды анықтауға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы тұрмыстық қылмыстардың жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды белсенді жүргізеді.
Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 2 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4,5 мың «отбасылық жанжалқорға» қатысты қорғау нұсқамалары шығарылды, сондай-ақ 700-ден астам адамға қатысты соттар мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіледі.
– Полиция қызметкерлері мүдделі органдармен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жасасу жұмыстарын жалғастыруда. Зорлық-зомбылық болуы мүмкін отбасыларға ерекше назар аударылады. Бұрын сотталған адамдарға, сондай-ақ қоғамға қарсы өмір салтын жүргізетін азаматтарға бақылау жүргізіледі, – деп атап өтті ШҚО ПД ЖПҚБ бастығы Талғат Нүриев.