Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жолда көлігінің дөңгелегі тесіліп қалған жүргізушіге көмектесті

СҚО полицейлері жолда көлігінің дөңгелегі тесіліп қалған жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Бейжай қарамаған полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіремін» деп айтыпты бейне жазбасында жолда қиын жағдайға тап болған Volkswagen Passat көлігінің 19 жастағы жүргізушісі.

Қостанай қаласынан аудан орталығы Тайыншаға бара жатқан кезде көлігінің екі дөңгелегі тесіледі. Көлігі Алматы-Екатеринбург жолындағы Тоқсан би ауылының маңында тоқтап қалған. Абырой болғанда, елдімекеннің жанында жігіт жылдамдықты бір қалыпты ұстаған және көлігі аударылудан аман қалған. Ол «102» арнасына қоңырау шалған. Көп ұзамай көмекке патрульдік полиция батальонының қызметкерлері келген. Тәртіп сақшылары бүлінген дөңгелектерін алып, жүргізушіні 40 км жердегі көлік жөндейтін орталыққа апарған, кейін көлігін жөндескен. Погондағы адамдардың көмегіне риза болған жас жігіт бейне жазбаға түсірген.

– Батальон қызметкерлері үшін бұл жай ғана жұмыс, мақсаты – жолдағы адамдардың қауіпсіздігі. Кезекшілікке түсерде қызметкерлерге жолда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету туралы нұсқау беріледі. Бұндай жағдайлар жиі орын алып тұрады. Ауа райының өзгеруіне байланысты жол қозғалысына қатысушыларды сақ болу, ауа райын қадағалау, ТЖҚ жіберетін хабарламаларды ескеру қажеттігі туралы еске саламыз. Алыс сапарға шықпас бұрын көлікті жөндеуге қажетті құралдарды, жылы киімді салып қойыңыз. Жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстаныңыздар, – деді ПД ППБ командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру