TikTok-тағы полицей – «полиция – қорқытушы орган емес, қорғаушы орган»
Әлеуметтік желі арқылы полиция қызметінің имиджін насихаттап жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Қайсар Нұрым. Ол TikTok желісінде белсенді. Қазірде погон таққан жұлдыздың 19 мыңға жуық оқырманы бар. Ал ең танымал деген жариялымдары 500 мыңнан астам қаралым жинаған. Бірақ полиция қызметкерінің образы туралы ақпартты халыққа жеткізу – оңай іс емес, өйткені бұл жерде мемлекеттік қызметкердің этикасын бұзбау – маңызды шарт. Полицей «формадағы» видеоларды түсіру барысында басынан өткен қиындықтары туралы Polisia.kz тілшісіне берген сұхбатында баяндады.
Қайсар – ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының түлегі. 2021 жылы оқуын тәмамдап, Талдықорған қаласында жедел-іздестіру қызметіне орналасқан. Кейін академия қабырғасына қайта оралды, бірақ бұл жолы курсант емес, толыққанды қызметкер ретінде келді. Қазір ол Идеологиялық және имидждік жұмыс бөлімінің инспекторы лауазымында қызмет етеді.
Лейтенанттың сөзінше, полиция туралы TikTok түсіруді былтыр бастаған. Ол «рекомендацияға» шығу үшін полицейлердің күнделікті қызметі жайлы видеоларды трендпен ұйқастырып, жариялап отырады. Жедел уәкіл болып қызмет еткен кездегі көрген-білгенін әлеуметтік желіге салады. Мобилографияны арнайы курстардан өтіп, үйренген.
– TikTok арқылы жастарға үлгі болғым келеді. Әлеуметтік желіге шыққан себебім де осы. Полиция – қорқытушы орган емес, қорғаушы орган екенін көрсеткім келді. Біз азаматтарға барынша көмек қолын созуға дайынбыз. Бұны басқалары да көріп, білу керек, – дейді жас полицей.
Қайсардың парақшасындағы ең көп қаралым жинаған видеолардың қатарында жаңа форма киген полицейлер де бар. Бұл видео 261 мың қаралым жинаған. Ал пікір саны 800-ден асқан екен. Оқырмандардың қалдырған пікірлерінің басым бөлігі позитивті, бірақ негативті ой білдіретіндер де кездеседі.
– Әрине, бәріне ұнау мүмкін емес. Форма киіп, видео түсіре бастағанда негатив көп болды, бірақ бұны көңіліме алмадым. «Неге сайқы-мазақ болып жүрсің?» дегендер де болды. Жақсы жағынан жазатындар да бар. «Полицей болғым келеді» деген хабарламалар жиі келіп тұрады. Ондай кезде мотивация арта түседі. Көшеде формамен видеоға еркін түсе алмаймын. Бірақ мен полицияның жұмысы сыртта қалғанын қаламаймын, – деп бөлісті тәртіп сақшысы.
«Бұл өмірде тағы да таңдау келсе, ойланбастан тағы да сені таңдар едім» – бұл сөздерді Қайсар полиция қызметіне арнап TikTok түсірген екен.
– Жастайымнанпогон таққан әкем мен ағамды көріп, мен де олардың жолын қууды шештім. Полиция қызметі өзіме ұнайды. Адамдарды қорғау, оларға көмектесу – міндетіміз. Талдықорғанда жедел уәкіл болып жұмыс істеп жүргенде біраз адамның алғысын алдым. Бұл мен үшін мәртебе, – дейді офицер.