Павлодар облысында қараусыз малдың кесірінен бірнеше ЖКО болды
Павлодар облысында қараусыз малдың кесірінен бірнеше ЖКО болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза болып, 8-і түрлі жарақат алған – биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысының автожолдарында қараусыз қалған малдың кесірінен жасалған жол-көлік оқиғасының статистикасы осындай.
Қараусыз қалған мал мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мал иелерінің ұқыпсыз қарым-қатынасы көбінесе қайғылы салдарға әкеледі. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс аумағында полиция тұрақты түрде рейдтер жүргізеді, сондай-ақ автожолда жайылып жүрген иесіз малдарды анықтайды.
– Бүгінде өңірде малға арналған 146 айыппұл тұрағы жұмыс істейді, онда биыл бақылаусыз жайылып жүрген 15000-нан астам мал қамалған. Мысалы, 24 қыркүйекте Павлодар-Қызылорда автожолында екі факті анықталды. Бірінші жағдайда, Пограничник ауылының жанында жол бойында жылқылар көрінді. Шаруа қожалықтарының бірінің 49 жастағы шопанына қатысты ҚР ӘҚБК 408-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Қуаныш Мұстафинов.
Басқа жағдайда Береке ауылының маңында автожол бойында 10 бас жылқы байқалып, қараусыз қалған. Қалқаман ауылының тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды. Құқық бұзушыларға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Келесі күні осындай факті Ленин-Ертіс-Русская Поляна автожолының 78 шақырымында анықталды, онда 50 бас ірі қара мал бақылаусыз жайылды. Ақтоғай ауданының учаскелік полиция инспекторы малды айып тұрағына айдады. Жылқы иесі ҚР ӘҚБК 408-бабы бойынша анықталып, жауапкершілікке тартылды. 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды.