Қызылордада полиция қызметкерлері жоғалған 6 жасар баланы тапты
Қызылордада полиция қызметкерлері жоғалған 6 жасар баланы екі сағаттың ішінде тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
26 қыркүйек күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасына 6 жастағы бүлдіршіннің жоғалып кеткені туралы жергілікті тұрғын арызданған. 16:00 мен 17:00 шамасында 6 жастағы бүлдіршін өзінің тұрғылықты мекенжайынан аула сыртында ойнап жүрген жерінен, үйіне қайта оралмаған. Шамамен бір сағаттан кейін бүлдіршіннің үйге келмегенін білген ата-анасы дереу 102 арнасына хабарлама түсіреді.
Аталған дерек бойынша Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің қызметкерлері және ювеналды полиция инспекторлары іздеу шараларын дереу ұйымдастырды. Жақын маңдағы барлық көшелерді, аулаларды мұқият аралап, жалғыз жүрген баланы көруі мүмкін деген куәгерлер мен жолаушылардан сұрастырды. Оған қоса бейнебақылау камераларын тексерді.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған бүлдіршін екі сағат ішінде қала аумағының көшелерінің бірінен табылып, ата-анасына аман-есен тапсырылды. Бүлдіршіннің анасы ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары Руслан Енсебаевқа және Төребек Ақмаралға кішкентай ұлын тауып бергені үшін алғысын айтты.
– Сіздердің арқаларыңызда ұлым аман-есен табылды. Жедел әрекет еттіңіздер. Екі сағаттың ішінде ұлымды тапқанша сіздер маған көп қолдау көрсеттіңіздер, жұмыстарыңызға адал екендеріңізді байқап, іштей риза болдым. Сіздерге үлкен рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деп атап өтті бүлдіршіннің анасы Нұрсеитова Мәрзия.