Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлытауда бұрын сотталған адамнан тапанша табылды

Ұлытауда бұрын сотталған адамнан тапанша табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

24 қыркүйекте Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының полиция бөлімінің қызметкерлері “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Шараның басты міндеті – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Сағат 4.40 шамасында криминалдық полиция қызметкерлері мен патрульдік полиция взводы, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында дәмханалардың бірінің маңында бір азаматтың жүріс-тұрысы күдік тудырып тексермек болған. Полицияны байқаған әлгі адам үйлердің арасына жасырынып, із суытпаққа әрекеттенген.

Күдіктіні ұстаған полицейлер оның Жезқазған қаласының 29 жастағы тұрғыны екендігін анықтады. Тексеру барысында одан нөмірлік белгілері жойылған травматикалық тапанша табылып, тәркіленді. Мәліметтер базасын тексере келе, ұсталған адамның бұрын ауыр қылмыстарға қатысы бар екені және қазіргі уақытта шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаны белгілі болды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы (Заңсыз қару алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәркіленген тапаншаның нөмірлік белгісін анықтау үшін баллистикалық сараптама тағайындалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру