Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада пробация есебіндегі 43 сотталған квотамен жұмысқа орналасты

Қызылордада жыл басынан бері пробация есебіндегі 43 сотталған квотамен жұмысқа орналасты, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қызылорда қалалық пробация қызметінде 600-ден астам сотталған есепте тұр. Пробациялық бақылау белгіленген жұмыссыз сотталғандарды жұмысқа орналастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері есепте тұрған жұмыссыз 43 сотталған квотамен жұмыспен қамтылды.

Қалалық пробация қызметінің бастығы Руслан Алимовтың айтуынша, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен жұмыс орындарына 43 квота белгіленген. Қосымша тағы 5 квота бөлініп, қазіргі таңда 2 сотталған «Қызылорда Тазалығы» мекемесіне жұмысқа орналасты

– Сотталғандар арасында өз кәсібін ашуға ниетті азаматтар да бар. Пробация есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмектер белсенді көрсетіліп келеді. Сотталғандардың басым көпшілігі жеке кәсіпке бет бұруға ниетті. Есептегі 10 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негізінде оқу курсын оқып жатыр. Сертификат алған соң бизнес жоспарын жасап, мемлекет тарапынан қайтарымсыз кредит алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, сотталғандардың қайта қылмысқа баруына жол бермеу мақсатында профилактикалық шаралар өткіземіз. Профилактикалық шараларды өткізу барысында сот жүктеген міндеттерді орындамаған, жаза өтеуден жалтарған жеті сотталған сот қаулысымен жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын айыруға ауыстырылып, түзеу мекемесіне жіберілді. Бұл жағдай есепте тұрған басқа да сотталған азаматтарға сабақ болады деп үміттенеміз. Қазіргі таңда 5 сотталған маскүнемдіктен арылу мақсатында наркологиялық орталықтан ем қабылдауда. Жалпы, пробация есебіндегі сотталғандар қызметкерлер тарапынан әрдайым бақылауда болады. Қызметкерлер есептегі әрбір азаматтың тұрғылықты мекенжайынан күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылыққа қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді деді, – Руслан Алимов.

– Мен пробация қызметінің қолдауымен қала әкімінің квотасы арқылы «Қызылорда Тазалығы» мекемесіне жұмысшы боп орналастым. Жұмысы жоқтық адамды аздыратынын білесіздер. Соны ескерген пробация қызметінің қызметкерлері біз секілді есептегілермен тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Қайта қылмыс жасамауымызға, отбасымызға көмектесуге, мақсат қоюға жігерлендіріп отырады. Бұдан былай адал еңбек етіп, дұрыс жүруге бекіндім, – деді есептегі сотталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру