СҚО-да 400 полицейге ашық аспан астында квест-тренингтер ұйымдастырылды
СҚО-да полиция психологтары 400 қызметкерге ашық аспан астында квест-тренингтерді ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің инспектор-психологтары облыстық және қалалық ведомстволардың жеке құрамы үшін квест-тренингтер сериясын өткізді. Жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалистер – барлық жетекші бөліністердің қызметкерлері бір апта бойы дала жағдайында өткізілген сабақтарға қатысты. Тренингтердің міндеті: қызметкерлерді қысылтаяң, штаттан тыс жағдайдағы іс-қимылға дайындау, ұйымшылдық, команда құру, командада жұмыс істеуге үйрету, сондай-ақ психологиялық төзімділікті дамыту.
Заманауи полиция қызметі беріле қызмет етуді, күйзеліске төзімділікті және тәулігіне 24 сағат – аптасына жеті күн сынаққа дайын болуды талап етеді. Погондағы адамдар қызметтік міндеттердің басым бөлігін бөлініс құрамында, командада орындауы қажет. Квест-тренингтер осы дағдыларды дамытуға арналды. Кабинеттер мен спортзалдар сияқты қалыпты алаңдардың орнына инспектор-психологтар жеке құрамды Борки кентінің шаңғы базасының маңында жинады. Икемділік, реакция және көңілді жаттығулар – сабақ квест-тренингке қатысушылардың көңілінен шықты. Дегенмен, психологтар ұйымдастырған іс-шараның негізгі міндеті – үлкен ұжым мүшелерінің қалыптан тыс жағдайларда командалық іс-қимыл алгоритмдерін есте сақтауы; барлық тапсырмаларды тиімді және шығынсыз орындауы болды.
СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлованың айтуынша, ведомствода жеке құрамның психологиялық дайындығы бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар тұрақты негізде өткізіледі. Квест-тренингтің негізгі мақсаты – қызметкерлерді қалыптан тыс жағдайларда жедел шешім қабылдауға үйрету ғана емес, сонымен қатар ұжымды біріктіру, командада жұмыс істеуге үйрету. Дағдарыс жағдайларында демеу, өзара көмек және өзара қолдау өте маңызды екенін түсіну қажет.
Апта бойы инспектор-психологтармен ұйымдастырылған квест-тренингтерге облыстық және қалалық полицияның 400-ден астам қызметкері қатысты.