Әнші есірткіге мас күйде көлік жүргізгені үшін сотталды
Музыкалық топтың солисі есірткіге масайып көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасымен көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Ә.Мұрат мырзаға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.
– Тергеу барысында анықталғандай, өткен жылдың қыркүйек айында Ә.Мұрат есімді азамат мас күйінде көлік жүргізген кезінде елордалық полиция қызметкерлерімен ұсталды. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Алайда өзіне тиісті қорытынды жасамай, биылғы жылдың 6 тамызында Ә.Мұрат есімді азамат тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткіге мас екендігі анықталды. Сол күні Мұрат мырзаның үстінен қылмыстық іс қозғалды және қамауға алынды, – деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
28 қыркүйек Бостандық сотының үкімімен Ә. Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.
– Естеріңізге сала кетейін, жыл басынан бері анықтаушылар аяқтаған қылмыстық істер бойынша, сот үкімдерімен 95 адам көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған. Осы ретте, Алматы қалалық ПД, азаматтарды заң бұзбауға шақырып, мұндай құқықтан айырыла тұра, көлік құралын мас күйінде жүргізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да ескертеді, – деді Шәріпов.