Павлодар тұрғындары жаяу жүргіншілер өткелінде тұрақталған көлікке шағымданды
Павлодар тұрғындары жаяу жүргіншілер өткелінде тұрақталған көлікке шағымданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері 137 266 құқық бұзушылық жасалған, оның ішінде негізгі басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу – 90 433.
Биыл аймақта 6906 жүргізуші қауіпсіздік белдігін елемегендердің қатарында. Жаяу жүргіншілер де белгілерді, бағдаршамдарды елемейді, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтеді, сандармен айтар болсақ, 4413 жаяу жүргінші жолды дұрыс емес жерде кесіп өткен.
– Ал кейбіреулер мас күйінде көлік жүргізіп кете береді. Мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 1031 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Алтынбек Медияров.
Сондай-ақ, жүргізушілер жол қозғалысының қарапайым ережелерін елемейді, өздері қалаған жерде, тіпті жаяу жүргіншілер өткелінде де тоқтайды, солайша азаматтар үшін қолайсыздықтар туғызатынын түсінбейді. Осылайша, қала тұрғындары полицияға Павлодар қаласындағы Лермонтов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінде тұрақталған көлігіне шағымданды.
Жаяу жүргіншілер өткелі аймағында тоқтаған KIA автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Жалпы, Павлодар облысында осындай бұзушылық үшін 1625 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.